Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы көпшіліктің сұранысы негізінде, қабір басындағы мазар салудағы ысырап пен бәсекелестікті тоқтатып, еліміздегі мұсылман зиратын көтеруде жалпыға ортақ бірізділік мәдениетін қалыптастыру туралы бастама көтерген. Бас мүфтидің бастамасы ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің ХХVI мәжілісінде қаралып, «Зират және зиярат мәдениеті» туралы концептуалды құжат қабылданды.
Аталған құжатқа сай, ҚМДБ-ның Уақып қорына қарасты «QAMQOR-SHARAPAT» шариғат бойынша жаназа және жерлеу рәсімдерін реттеу орталығы (бұдан әрі - Орталық) құрылып, еліміздің барлық облыстарынан филиалдары ашылып, өз жұмыстарын бастады. Орталықтың Жамбыл облысы бойынша филиал директоры Қожахметов Халит Сейтахметұлы тағайындалды.
Бүгін "ҚМДБ Уақып" корпоративтік қайырымдылық қорының басқарма төрағасы Ардақ Нүсіпханұлы, ҚМДБ "QAMQOR-SHARAPAТ" салттық қызмет көрсету орталығының директоры Мейрамбек Қабылбекұлы және ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Бейбіт Мырзгелдиев Тараз қаласында салынғалы жатқан мәйітхана ғимаратының алғашқы кірпішін қалады.
Мәйітхана ғимаратының бой көтеруіне Тараз қаласының кәсіпкері демеушілік етіп, мәйітке қажетті шариғи талаптардың барлығы сақталатын жағдайды жасап бермек.
Орталықтың өңірдегі филиал директоры Х.Қожахметовтың айтуынша, мәйіт сақтайтын, жуындыратын, мәйітке қажетті шариғи талаптар орындалатын орын қала халқына керек. Әсіресе көпқабатты тұрғын үйлерде тұратын тұрғындар үшін үйінде қаралы жағдай болғанда мәйітке қажетті орын аса қажет. Міне, бұл тұрығындардың осы бір қажеттелігін өтеу мақсатында жасалып жатқан іс. Аталған ғимараттың атқаратын қызметі бұдан да мол.