«QAMQOR-SHARAPAT» салттық қызмет көрсету орталығының басты мақсаты – зират және зиярат мәдениетінде, жаназа және жерлеу рәсімдерінде бірізділікті қалыптастыру. Орталықтың қызметін насихаттау мақсатында ҚМДБ «Уақып» қорының маманы Айбибі Бектасқызы мен «QAMQOR-SHARAPAT» орталығының маманы Ақмарал Жеңісбекқызы «Әзірет Сұлтан» мешітінің жамағатына кезекті блиц-сауалнама өткізді.
Сауалнама барысында мынандай сұрақтар қойылды:
- «Зират басында зәулім сарай салу ысырапқа жатады ма?»;
- «Зират басында бірдей стандарт бойынша салынған мазарларға қалай қарайсыз?».
Респонденттер бірауыздан зират басындағы зәулім сарайлардың теріс және артық амал екенін, оған қарсы екендерін баяндады. Екінші сұрақ бойынша: «Зират басындағы бірдей стандарт тәртіпке әкеледі», «Барлық адам бірдей ғой, бұл ең дұрыс шешім», «Ата-бабаларымыз секілді қарапайым болған дұрыс» деген жауаптар алынды.
Алла Тағала қасиетті Құранда айтады: «Шын мәнінде біз Аллаға тәнбіз әрі оған қайтушымыз» («Бақара» сүресі, 156-аят). Алланың алдында адам баласы өзге адам баласынан дәулетімен ерекшеленбейді, Алла пендесінің жүрегіне, ниетіне қарайды. Сондай-ақ, зират басындағы зәулім сарайлар, өмірден өткен ата-бабаларымыздың рухына ешқандай да сауап, пайда әкелмейді, алайда ізгі ұрпақтың дұғасы, бағыштаған Құраны сөзсіз Алланың қалауымен жетеді.