Елордадағы Республикалық бас мешітте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен «QAMQOR-SHARAPAT» салттық қызмет көрсету орталығының заманауи үлгідегі тәулік бойы жұмыс істейтін арнайы бөлімі ашылды.
«Жаназа және жерлеу рәсіміндегі бірізділік тәртібі» семинары аясында іске қосылған бөлімнің ашылуына наиб мүфти, ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы, Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі Хасан Аманқұл, «Уақып» қорының басқарма төрағасы Ардақ Нүсіпханұлы, орталық директоры Мейрамбек Қабылбекұлы, Астана қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының бөлім басшысы Бауыржан Жақсылықұлы, сондай-ақ орталықтың өңірдегі жауапты мамандары мен елордадағы мешіт имамдары қатысты.
Бөлім қызметімен жаназа және жерлеу рәсімін атқаратын «QAMQOR-SHARAPAT» орталығының директоры Мейрамбек Қабылбекұлы таныстырып, қазіргі таңда еліміздің барлық өңірінде орталықтың филиалдары ашылып, жауапты мамандары халыққа шариғи тұрғыда қызмет көрсетіп жатқанын тілге тиек етті. Ал наиб мүфти Сансызбай Құрбанұлы қабірдің кәдімгі үйден, моланың қаладан айырмасы айқын көрініп тұруы керектігін еске салды.
«Қабір, зират басы – дүниені бір сәт ұмыттырып, тіріге өлімді еске салатын орын. Құран мұсылман баласы үшін сөйлейтін насихат болса, қабір – сөйлемейтін насихат. Кей өңірлерде моланың қаладан айырмасы болмай қалғанын көз көріп жүр. Тіпті сыртына марқұмның есімін түрлі түсті шамдармен көмкеріп қойғанды да кездестірдік. Бірақ қабір ондай болмауы керек. Керісінше қарапайым әрі дүниені емес, ақыретті еске салып тұратындай деңгейде болғаны жөн» деді Сансызбай Құрбанұлы.
Бұдан кейін семинарға арнайы келген орталықтың өңірлердегі жауапты өкілдері сәулеті келіскен Республикалық бас мешітті аралап көрді.