Маңғыстау ауданы Сайөтес ауылының азаматы жомарттық танытып өз иелегіндегі құдықты «Уақып» қорына тапсырды.
«Сахих Бұхариде» Абдулла ибн Аббастан (р.а.) мынадай риуаят келтірілген: «Елден жырақта жүргенінде Сағид ибн Убаданың анасы қайтыс болды. Сонда ол Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алдына келіп: «Уа, Алланың елшісі! Мен сыртта жүргенде анам қайтыс болыпты. Енді оның атынан садақа берсем оған сауабы тие ме?» – деп сұрады. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Иә» деді. Сонда Сағид (р.а.): «Олай болса, сізді куә қыламын, анамның атынан бағымды Алла жолында садақаға беремін», – деді».
Осы және өзге де хадистерге сәйкес, салихалы ұрпақтарының қайтыс болған әке-шешелері, ата-бабалары немесе өзге жақындарының атынан жасаған ізгі амалдарының сауабы, Алланың қалауымен марқұмдардың дәрежесінің өсуіне септігін тигізеді.
Сайөтес ауылының тұрғыны осы хадистерге амал етіп, арнайы құдық қазып, оны әкесінің атынан мешіт жанында егілген бақты суаруға және құлшылық үйінің қажеттілігі үшін уақып етті.
Өз кезегінде ҚМДБ «Уақып» қорының Маңғыстау облысы бойынша өкілі Іздібай Бегенұлы жомарт жанның аманатын қабыл алып, жергілікті халық атынан алғыс айтты.