Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2022 жылға арналған кеңейтілген Төралқа мәжілісінде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы биыл жеті бағыт бойынша, оның ішінде «Уақып және қайырымдылық» бағытына басымдық беретінін атап өткен болатын.
Осы орайда ҚМДБ «Уақып» қорының басқарма төрағасы Ардақ Нүсіпханұлының бастауымен имамдарға, «Уақып» өкілдеріне уақып жайлы ақпараттар беріліп, кеңінен насихатталуда. Оқыту-ағартушылық жұмыстардың тағы бір нәтижесі ретінде «Уақып» сүннетін жаңғырту мақсатында Маңғыстау облысының «Уақып» өкілінің ұйымдастыруымен Маңғыстау облысы Тұшшықұдық ауылында дін қызметкеріне үй берілгенін хабарлағымыз келеді.
Уақыпқа берілген мүлік иелікке өтпейді, мирасқа қалмайды, кепілге берілмейді, сондықтан бұл үй толығымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының иелігіне өтті. Дін қызметкері ауысқан жағдайда, үй де жаңа қызметкердің қолдануына беріледі.
«Уақып» қорының мақсаты – Ислам дінін көркейту, дамыту. Сол себепті шалғай жерлерде орналасқан мешіттерде қызмет ететін имамдардың тұрғын үй мәселесін шешу қолға алынып жатыр.
Алла Тағала «Уақып» қорының ісіне мол береке берсін деп тілейміз! Уақып жолында қызмет етіп жүрген мамандарға сансыз сауаптар болсын!



