Садақа — ислам дініндегі ең маңызды әрі терең мағыналы құндылықтардың бірі. Қасиетті Құран Кәрімде Алла: «Намазды толық орындаңдар, зекет беріңдер… Өздерің үшін қандай жақсылық жасасаңдар, оны Алланың қасында табасыңдар…»,- деп жақсылықтың бастауы садақадан басталатынын айтады.
Көпшілік арасында «садақа берсең, дүние-мүлкің азаяды» деген түсінік кездескенімен, шын мәнінде бұл ұғым мүлде керісінше.
Осы жөнінде Мұхаммед пайғамбар: «Садақа малды кемітпейді» деген хадисі садақаның сырттай азайту сияқты көрінгенімен, шын мәнінде берекесін арттыратынын білдіреді.
Ислам ілімі садақаның тек рухани емес, материалдық тұрғыдан да берекет әкелетінін айқын көрсетеді.
Ең алдымен, «арттыру» ұғымын дұрыс түсіну қажет. Дүниенің артуы тек сан жағынан көбею емес. Кейде адамның табысы өзгермесе де, сол
бар дүниесінің берекесі артып, жеткілікті болып тұрады. Бұл — садақаның ең айқын жемістерінің бірі. Яғни, аз дүниенің өзі көпке жетіп, адамның өміріне тыныштық пен қанағат сезімін сыйлайды.
Садақа — Аллаға деген сенімнің көрінісі. Адам өз мүлкінен бөліп берген кезде, ол Жаратушының уәдесіне сенеді: «Бергенің қайтарылады». Бұл қайтарым әртүрлі формада болуы мүмкін. Біреуге ол күтпеген табыс ретінде келсе, енді біреуге аурудан шипа, қиындықтан жеңілдік немесе отбасыдағы тыныштық ретінде беріледі. Бұған дәлел ретінде Пайғамбар ﷺ:
«Ең жақсы садақа — өзің мұқтаж бола тұра берген садақаң.» Яғни бұл – ықыластың, тәуекелдің ең жоғары деңгейі.
Тағы бір маңызды жайт — садақа адамды сараңдықтан арылтады. Сараңдық — тек материалдық емес, рухани кедейліктің белгісі. Ал жомарт адам әрдайым кең ойлап, кең өмір сүреді. Мұндай адамның айналасына да жақсылық тартылады. Қоғамда да оған деген құрмет артады, бұл да белгілі бір деңгейде
«дүниенің артуы» деп қарастыруға болады.
Ғылыми және психологиялық тұрғыдан қарасақ та, қайырымдылық жасау адамның ішкі күйіне оң әсер етеді. Жақсылық жасаған адам өзін бақыттырақ сезінеді, күйзелісі азаяды. Бұл оның жұмысқа деген ынтасын арттырып, нәтижесінде табысының көбеюіне де ықпал етуі мүмкін.
Сонымен қатар, садақа қоғамдағы әлеуметтік теңсіздікті азайтуға көмектеседі. Бір адамның бергені екінші адамның өмірін өзгертуі мүмкін. Ал қоғамда тұрақтылық пен өзара қолдау артқан сайын, әр адамның өмір сүру сапасы да жақсарады.
Қорытындылай келе, садақа — тек берілген дүние емес, ол — инвестиция. Бірақ бұл инвестиция тек материалдық пайдаға ғана емес, рухани байлыққа, өмірдегі берекеге, ішкі тыныштыққа бағытталған. Сондықтан «садақа дүниені арттырама?» деген сұраққа жауап — иә, арттырады. Бірақ ол әрдайым көзге бірден көрінетін түрде емес, көбіне терең әрі ұзақ мерзімді игілік ретінде қайтады.
Шарипов Ерболат Курмангалиевич
Ақмола облысы бойынша "Уақып" қорына жауапты маман

