Қазіргі қоғамдағы уақыптың маңызы.
Барлық мақтау әлемдердің Раббысы Аллаға тән.
Пайғамбарлар арасындағы ең ардақтысы, адамзатты барлық жақсылыққа шақырған Мұхаммедке салауат пен сәлем болсын.
Уақып сөзінің тілдік мағынасы тоқтату, байлау, шектеу. Уақып - «тахбис» және «тасбил» деп те аталып, бәрі бір мағына береді, яғни: байлау және тыйым салу. «Уақып жасады» дегеніміз - бір нәрсені байлап, тоқтату дегенді білдіреді. Ал «мұра» сияқты зат мауқуф (уақыпқа берілген нәрсе) деп аталады, оның көпше түрі ууқуф немесе әуқаф деп аталады.
Терминдік анықтамасы: «Негізін (мүлкін) байлап, оның пайдасын (түсімін) қоғамға арнау». Бұл анықтама Пайғамбардың (с.а.с.) Омарға (р.а.): «Негізін ұста да, жемісін тарат» - деп айтқан хадисінен алынған. Яғни: «Уақып - мүлікті ешкімге иелікке бермеу, бірақ оның пайдасын кедей-кепшікке немесе ізгілік жолындағы істерге тарату». Алайда кейбір ғалымдар «уақыптың пайдасы әрқашан бастапқыдан ақырына дейін осы игілікті мақсаттарға арналуы тиіс» - деп шарт қойған. Бұдан мына нәрсе түсініледі: уақыптың пайдасы тек белгілі бір адамдарға, уақып жасаушының өзіне, оның ұрпағына, туыстарына немесе тек кедейлерге ғана арналмайды. Ол мұсылмандарға пайдалы көптеген салаларды қамтуы мүмкін. Мысалы: мешіттер, ауруханалар, білім ордалары, жетімдер мен мүгедектерге арналған мекемелер, пақыр-міскіндерге арналған орындар, құдықтар, зираттар, сондай-ақ ислам мен мұсылмандарға көмек болатын кез келген игілікті іс. Бұл дегеніміз, уақыпты тек бір ғана ізгілік саласымен шектеп қоюға болмайды. Өкінішке қарай, қазіргі көпшілік мұсылмандар уақыптарын көбінесе тек мешіт салуға арнайды да, басқа қайырымдылық салаларына аз көңіл бөледі. Алғашқы дәуірлерде уақып «садақа» және «хабс» деп те аталған. Кейінірек «уақып» атауы қалыптасып, біздің заманымызда кеңінен тарады.
Ең абзал жақсылық адамзатқа пайдалы болып, пайдасы өлімнен кейін де жалғасып әрі оны жасаушыға ақыретте сауап болып қалатын іс. Сондай жақсылық жасаудың ең көркем үлгілерінің бірі - уақып болып саналады. Оны Алла Елшісі (с.а.с.) садақа жария деп атаған.
Тарихқа үңілсек, Уақыптар қызметі ғылымды қолдауда, білім беру мекемелерін дамытуда, қоғамның әртүрлі қажеттіліктерін өтеуде, жалпы халыққа пайдалы бағдарламаларды қолдауда үлкен рөл атқарды. Ислам тарихы пайғамбар с.ғ.с дәуірінен бүгінгі күнге дейін уақыптар арқылы мұсылмандардың игілігіне жасалған игі істерге толы. Бұған пайғамбарымыздың (с.а.с.) сүннетіндегі дәлелдер, ислам тарихы, сондай-ақ мешіттер, медреселер, кітапханалар салу, жетімдер мен кедейлерге қамқор болу, құдық қазу, денсаулық сақтау қызметтерін ұйымдастыру сияқты жақсылықтарға арналған уақыптарға қатысты құжаттар мен жазбалар дәлел болады. Бүгінгі таңда ғылым мен білімді қолдауда, әлеуметтік жағдайларды реттеуде уақыптың маңызы зор. Сондай-ақ, қазіргі ғылымға қажетті жағдайларды қамтамасыз ету үшін уақыпты тиімді пайдалану, оның тетіктерін жетілдіру, заманауи шындыққа сәйкес үлгілерді енгізу, әлеуметтік жағдайларды ескеру, адамдарды уақыпқа қатысуға ынталандыру арқылы оның тұрақтылығын қамтамасыз ету қажет. Жалпы уақыптың мақсаты жеке адамдар мен қоғамға қайыр жеткізу.
Уақыптың даналығына тоқталар болсақ, Исламның ең көркем қырларының бірі қоғамда өзара тұтастықты, көмектесуді, бірлікті жүзеге асыру үшін парыз, уәжіп және мұстахаб болып келген түрлі заңдар мен ережелерді бекітуінде. Өйткені, адамдардың сипаттары, қабілеттері мен күш-қуаттары әртүрлі болуына байланысты олардың арасында өнім өндірушілер де, жұмыссыздар да, ақылды да, әлсіз ойлы да, қабілетті де, қауқарсыз да бар. Мұндай қоғамда бір-біріне қарасу, бір-бірін қолдау қажеттілікке айналады. Бұл игілікті жүзеге асыратын жолдардың бірі жұмсау (инфақ) арқылы болады. Ал оның ең абзалы тұрақты, үзілмейтін және негізі мықты болып, жақсылық пен игіліктен туындайтын жұмсау болып табылады. Уақып осының бәрін қамти отырып, көптеген қоғамдық мекемелердің өмірін сақтайды, қоғамның белгілі бір әлеуметтік топтарына, даму істеріне қатысуға, жұмыс орындарын ашуға көмектеседі. Сондай-ақ адамдар бет бұрмай қалған сәттерде, қауіп-қатер күшейгенде немесе төтенше жағдай кезінде лайықты тіршілікті қамтамасыз етеді. Ертеде білім беру барлық деңгейде мемлекеттің емес, қоғамның жауапкершілігі болатын. Ал білім беру ісінің қаржыландырылуы көбіне жеке бастамалар арқылы және уақып жүйесімен жүзеге асатын. Тарихи деректер уақыптың оқу орындарының тұрақтылығына, ой еркіндігі мен ғылыми ізденістердің орнығуына зор ықпал еткенін дәлелдейді. Қазіргі заманда да уақыптың рөлін арттыру үшін, әсіресе білім мен ғылыми зерттеулер саласында, заманауи байланыс құралдарын қолдану өте маңызды. Бұл құралдар қоғамдардың ой-пікірін, мінез-құлқын қалыптастыруда ерекше әсерге ие. Жалпы алғанда, уақыптың әсері бүкіл қоғам өмірінің барлық салаларымен астасып жатқан өркениеттік жоба. Оның пайдасы белгілі бір салада ғана шектелмей, қоғамның барлық маңызды қырларын қамтиды. Ол әлеуметтік мәселелер мен экономикалық дағдарыстарға да шешім бола алады.
Уақыптың жалпы мақсаты - белгілі бір игі мақсатқа жұмсалатын, үздіксіз әрі тұрақты табыс көзін қалыптастыру. Уақыптың ерекшелігі оның өзіндік дербес қаржыландыру көзі болып, тұрақтылық пен тәуелсіздікті қамтамасыз етуінде. Уақып - мал-мүліктің сақталуына және одан ұзақ мерзім бойы пайда көруге кепілдік береді. Мешіттер, медреселер, мектептер, ауруханалар, қарттар үйлері мен жетімдерге арналған баспаналарды уақып арқылы қамдау осы қоғамдық мекемелердің сақталуын және жұмысын қамтамасыз етеді.
Уақып - пенденің Алла Тағалаға жақындауына себеп болатын құлшылық түрлерінің бірі. Ол жасалуы мұстахаб амал, мейлі ол жалпы игілікке арналсын (кедейлерге, жолда қалғандарға, ғылым ізденушілерге), мейлі туысқандарға немесе ұрпаққа арналсын. Бұл мал арқылы жасалатын құлшылық, оның шариғатта заңдылығын Құрандағы жалпы аяттар көрсетеді, ал хадистерде нақтылап түсіндірілген. Оған қоса сахабалардың (р.а.) тәжірибесі бар, әрі үммет ғұламалары, алғашқы да, кейінгі де, барлығы оның заңдылығына ижмағ жасаған.
Құранда жақсылық жасауға, өзара көмектесуге шақыратын жалпы мәтіндер бар, оларды уақыпқа қатысты кітаптар егжей-тегжейлі келтіргендіктен мұнда қайталаудың қажеті жоқ. Ал хадистерде уақыптың шариғаттағы заңдылығына ашық дәлелдер бар. Мысалы: Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткізілген хадисте Пайғамбар (с.а.с.) айтты: «Мүмінге өзінің амалдарынан және жақсылықтарынан өлгеннен кейін де жетіп тұратын нәрселер бар: үйретіп таратқан ілімі, қалдырған салихалы баласы, мұраға қалдырған Құраны, салған мешіті, салған қонақ үйі, жүргізген өзені немесе дені сау кезінде малынан берген садақасы. Бұлардың бәрі өлгеннен кейін де оған жетіп тұрады». Пайғамбардың (с.а.с.) «садақа жария» туралы хадисінде: «Адам баласы қайтыс болғанда, амалдары тоқтайды, үш нәрседен басқа: үздіксіз садақа, пайдасы тиетін ілім, және дұға жасайтын салихалы ұрпақ» - делінген. Бұл жерде «үздіксіз садақа» - уақып болып саналады. Сахабалардың (р.а.) барлығы уақыптың заңдылығына бірауыздан келіскен, олар Алладан зор сауап алу үшін уақып жасауға асыққан. Имам Шафиғи (р.х.) айтты: «Маған жеткен хабар бойынша, ансардан сексен сахаба өз мүлкінен «тұрақты садақа» жасаған». Ол уақыпты «тыйым салынған садақа» (яғни сатылмайды, мұраға берілмейді, сыйға тартылмайды) деп атаған. Ғалымдардың басым бөлігі сахабалардың ижмасы уақыптың дұрыстығына дәлел екенін ашық айтқан. Омар ибн әл-Хаттаб (р.а.) өз халифалығы кезінде уақып жасағанда, бірқатар мұһажирлер мен ансарларды шақырып, оларға уақып жазбаларын көрсетіп, куә қылды. Сол хабардан кейін Жәбир (р.а.) былай деген: «Мұһажирлер мен ансарлардың ішінде мүлкі бар әрбір адам, мүлкінен бір бөлігін ешқашан сатылмайтын, мұраға берілмейтін, сыйға тартылмайтын мәңгілік садақа (уақып) қылды». Жалпы ғалымдардың басым көпшілігі Пайғамбар (с.а.с.), сахабалар мен табиғиндер дәуірінен бастап, үммет тарихы бойы уақыптың ижма арқылы бекітілгенін айтқан. Фиқһшылардың ортақ пікірі: мешіттер салу, жерін уақыпқа арнау, оның негізін тоқтату және жемісін садақа ету - уақыптың түпкі негізі болып табылады. Оған ұқсас басқа істер де осы негізге салыстырылады. Айта кету керек, уақыптың кейбір үкімдері хадиспен бекітілсе, көп бөлігі ғұламалардың истихсан, истислах (пайдалыны көздеу) және ғұрыпқа сүйенген ижтиһадымен бекітілген.
Уақыптың шариғи заңдылығы берік негіздерге сүйенеді, оның мақсаты - адамдарға зор пайда келтіру. Ал, Ислам шариғатының басты мақсаты - адамдарға пайда әкелу және зиянды жою. Уақып осыған толық сәйкес келеді. Ол жалпыға да, жекеге де пайдасы бар амал. Сонымен қатар уақып адамды өз меншігінен толық айырып тастамайды. Әркім өз мүлкінің бір бөлігін ғана уақыпқа арнай алады. Бұл арқылы ол Аллаға жақындайды, әрі өлімінен кейін де сауап алуын жалғастырады. Уақып қоғамға пайда әкеліп, оны дамытады.
Уақыптың көптеген үкімдері ғұламалардың ижтиһадына негізделген, себебі уақыпқа қатысты мәтіндердің көбі жалпы мағынада келген. Сондықтан ғалымдар егжей-тегжейлі үкімдерін шығарып, жүйелеп берген. Осы жалпы сипат уақып саласын кеңейтіп, уақыттың өзгерістеріне бейімделуіне мүмкіндік береді.
Уақып - ізгілік пен қайырдың құралы болғандықтан, адамдардың кез келген қажеттілігіне бағытталуы мүмкін. Мысалы: медицинада, фармацевтикада, химияда, адамдардың өмірін жеңілдететін құрал-жабдықтарда, уақыт пен күшті үнемдеуде, кедейлерге білім алу мен даму мүмкіндігін беруде, олардың лайықты өмір сүруін қамтамасыз етуіне бағытталуы мүмкін.
Қорыта айтқанда, уақып қызметі ислам өркениетінде ғана емес, жалпы адамзат қоғамында әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ететін, рухани және материалдық игіліктерді ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін маңызды институт болып табылады. Ол қоғамдағы мұқтаж жандарды қолдауға, білім мен ғылымның дамуына, денсаулық сақтау мен қайырымдылық ісінің жүйелі түрде жүзеге асуына ықпал етеді. Уақып арқылы адамдар өз мүлкін уақытша пайда үшін емес, мәңгілік сауап пен қоғамдық игілік жолына бағыттайды. Бүгінгі заманда уақып дәстүрін жаңғырту қоғамның әлеуметтік жауапкершілігін арттырып, рухани құндылықтарды нығайтуға және тұрақты дамуға жол ашатын маңызды қадам. Сондықтан уақып институтын жан-жақты зерттеп, оны қазіргі қоғам өміріне тиімді енгізу баршамыздың ортақ міндетіміз.
Әділмұрат Нұрбол
Қарағанды облыстық Әнет баба мешітінің найб имамы

