Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасымен Құрбан айт мерекесіне дайындықты пысықтау мақсатында арнайы жиын өтті.
Жиынға Төраға орынбасары, наиб мүфти Ермек Қасболатұлы және еліміз бойынша Уақып корпоративтік қайырымдылық қорының директоры Азамат Абдикеримұлы, «Зекет және қайырымдылық» және «Уақып» қорларының өкілдері қатысты.
Кездесу барысында Азамат Абдикеримұлы қасапханаларда Құрбан шалудың нақты алгоритмі жайлы және Құрбан айтта өңірлерде Уақып өкілдерінің атқаратын қызметтерін нақтылады. Сондай-ақ, зекет өкілдеріне арнайы жилеткалар мен ет салатын пакеттер таратылғаны жеткізілді.
Жиында Құрбан айт кезінде етті жинау мен таратуда санитарлық талаптардың сақталуына ерекше мән беру тапсырылып, құрбандық етін бұзылып кетуден сақтау, тазалық пен мұқияттықты қамтамасыз ету, азаматтарға жылы қарым-қатынас көрсету қажеттігі атап өтілді.
Сонымен қатар, қасапханалардың толық дайын болуын, құрал-жабдықтардың талапқа сай болуын және ет таратылатын орындарда барлық жағдайдың жасалуын қадағалау маңызды екені айтылды.