Ислам дінінде адам баласын ізгілікке, қайырымдылыққа, қоғамға пайдалы болуға үндейтін құндылықтар өте көп. Соның бірі – уақып. Уақып – Алла разылығы үшін белгілі бір мүлікті немесе қаражатты қоғам игілігіне арнап, оны жеке меншіктен шығарып, халықтың ортақ пайдалануына беру дегенді білдіреді.
Уақыптың негізі Құран мен Пайғамбарымыз Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) хадистерінде кеңінен баяндалған. Ислам тарихында сахабалар өздерінің ең жақсы көрген дүниелерін Алла жолында уақыпқа арнап, мешіттер, медреселер, жолдар, құдықтар мен көпірлер салуға үлкен үлес қосқан.
Уақыптың ең маңызды ерекшелігі – оның үздіксіз сауап әкелетін садақа болуы. Бұл жөнінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Адам баласы қайтыс болғаннан кейін оның амал дәптері үш нәрседен басқа жағдайда жабылады: садақа жәрия, пайдалы ілім және артынан дұға қылатын ізгі ұрпақ» – деген. Мұндағы «садақа жәрия» ұғымы уақыппен тікелей байланысты.
Қоғам өмірінде уақыптың орны ерекше. Ол әлеуметтік теңдікті сақтауға, мұқтаж жандарға көмек көрсетуге, білім мен ғылымды дамытуға үлкен ықпал етеді. Мысалы, уақып есебінен салынған мешіттер мен медреселер, мектептер мен ауруханалар ғасырлар бойы халыққа қызмет етіп келеді. Бұл – уақыптың қоғамға тигізер пайдасының айқын көрінісі.
Бүгінгі таңда да уақып дәстүрі өз жалғасын табуда. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан жүзеге асырылып жатқан қайырымдылық жобалар мен әлеуметтік бастамалар – осының дәлелі. Уақып арқылы мешіттердің қызметі дамып, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсетіліп, түрлі игі шаралар ұйымдастырылуда.
Уақып – тек материалдық көмек қана емес, ол – рухани жауапкершілік. Әрбір мұсылман шамасына қарай қоғам игілігіне үлес қосып, сауапты істерге атсалысуы тиіс. Бұл – бір жағынан, Алланың разылығына жеткізетін амал болса, екінші жағынан, қоғамның дамуына ықпал ететін маңызды құндылық.
Қорытындылай келе, уақып – исламдағы үлкен сауапты амалдардың бірі. Ол адамға дүниеде де, ақыретте де пайдасын тигізетін, қоғамға береке әкелетін игі іс. Сондықтан әрбір мұсылман уақыптың мән-маңызын түсініп, оны өмірде жүзеге асыруға ұмтылуы қажет.
Маралхан Шереханұлы
ШҚО бойынша «Уақып» маманы

