Ислам діні – мейірім мен рақымға негізделген кемел дін. Оның басты мақсаттарының бірі – қоғамда әділеттілік орнату, бай мен кедей арасындағы байланысты нығайту және адамдардың жүрегіне ізгілік ұялату. Осы мақсаттарға жетудің негізгі жолдарының бірі – садақа беру. Садақа – тек материалдық көмек қана емес, ол рухани тәрбиенің де маңызды құралы. Садақаның мәні мен мағынасы. «Садақа» сөзі араб тіліндегі «сидқ» (صدق) түбірінен шығып, «шынайылық», «адалдық» деген мағыналарды білдіреді. Бұл – адамның иманының шынайы екенін дәлелдейтін амал. Садақа беру арқылы мұсылман өзінің дүниеге деген тәуелділігін азайтып, Аллаға деген тәуекелін арттырады. Алланың нығмет етіп берген мал-мүлкінен өзгеге бөлісу арқылы бойындағы жағымсыз қасиет мінездерден айырылады. Негізінде көркем мінездің шыңы болып табылатын жомарттық қасиетін арттыратын да осы садақа беру құлшылығы болып табылады.
Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді: «Малдарын Алла жолында жұмсағандардың мысалы – әрбір масағында жүз дәні бар жеті масақ өсірген дән тәрізді. Алла қалағанына еселеп береді» (Бақара сүресі, 261-аят). Бұл аят садақаның сауабы еселеніп қайтатынын көрсетеді. Яғни, адам бергенінің орнына әлдеқайда көп сауап алады.
Тағы бір аятта: «Садақаларды ашық берсеңдер – қандай жақсы! Ал егер оны жасырын беріп, кедейлерге жеткізсеңдер – бұл сендер үшін әлдеқайда қайырлы» (Бақара сүресі, 271-аят). Бұл жерде ықылас пен риядан сақтану мәселесі ерекше айтылған. Пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Садақа малды кемітпейді» (Мүслим). Бұл хадис садақа берген адамның дүниесі азаймайтынын, керісінше береке кіретінін білдіреді. Тағы бір хадисте: «Садақа бәлені қайтарады және ғұмырды ұзартады» (Тирмизи). Сондай-ақ: «Әрбір мұсылман садақа беруі керек» делінгенде, сахабалар: «Егер мүмкіндігі болмаса ше?» – деп сұрағанда, Пайғамбарымыз: «Қолымен еңбек етсін, өзіне де, өзгеге де пайда тигізсін» деген.
Садақа берушінің білуі тиіс бірінші әдебі – ықылас. Жүрекпен жасалатын амалдардың ең әуелгісі – ықылас. Ол – құлшылықтың өзегі. Амалдардың қабыл болуы не кері қайтарылуы да тікелей ықыласқа байланысты. «Алла сендердің жүректерің мен амалдарыңа қарайды» деген. Яғни ықылас пен ниет бірінші орында тұруы керек. Мұсылман әрдайым бұл амалдарды атқара алдында Алланың разылығын қалап, сауабынан үміттенуі керек. Себебі ықылас болмаған жерде амалдарда жойылады.
Мұсылман жүрегі ықыласқа толы болған жағдайда, ол көптеген сауапқа қол жеткізеді. Атап айтқанда, амалдары қабыл болады, ізгі істерді жасай алмай қалса да сауабын алады әрі ризығы көбейеді. Мұхаммед Пайғамбар: «Иә, мұсылман әйелдер ешбір көрші, қойдың тұяғы тұрғысында болса да, көршісіне жақсылық жасауды арсынбасын (не болмаса ұмытпасын), (яғни оған қойдың тұяғын берсе де)» – деген.
Имам ән-Науауи: «Садақа – күнәларды өшіретін және жүректі тазартатын ұлы амал» десе, Имам Ғазали: Сараңдық – жүректің дерті, ал садақа – оның шипасы деген.
Садақаның түрлері:
- Парыз садақа – зекет. Белгілі мөлшердегі байлықтан (нисап) жылына бір рет беріледі.
- Нәпіл садақа – ерікті түрде берілетін қайырымдылық.
- Садақа жәрия – үздіксіз сауап әкелетін амалдар (мешіт салу, құдық қазу, кітап жазу).
- Пітір садақасы – Рамазан айының соңында берілетін міндетті садақа.
- Рухани садақа – күлімсіреу, жақсы сөз айту, жол көрсету.
Садақа берудің көптеген пайдасы бар: Алланың разылығына жетелейді, ризықты арттырады, бәлекеттерден қорғайды, жүректі жұмсартады, қоғамда мейірімділік орнатады, пайғамбарымыз (Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қиямет күні әр адам өз садақасының көлеңкесінде болады» деген. Садақа берудің әдептері:
– Ықыласпен беру
– Риядан сақтану
– Кедейді кемсітпеу
– Ең жақсы нәрседен беру
– Жасырын беру
Садақа – мұсылман өмірінің ажырамас бөлігі. Ол адамның рухани деңгейін көтеріп, қоғамды ізгілікке жетелейді. Әрбір мұсылман шамасына қарай садақа беріп, Алланың разылығына жетуге тырысуы тиіс. Себебі, кішкентай ғана жақсылықтың өзі үлкен сауапқа айналуы мүмкін.
Аскар Ахлиддин Мирсаидұлы
Маңғыстау облысы бойынша "Уақып" қорына жауапты маман

