Уақып — исламдағы мәңгілік холдинг
(экономикалық-құқықтық талдау)
Кіріспе
Кәсіпкерлік ойлау жүйесі активтерді басқару, табыстылықты қамтамасыз ету, капиталды қорғау, ұзақмерзімді стратегия қалыптастыру және мұра мәселелеріне негізделеді. Ислам құқықтық-экономикалық жүйесі бұл категорияларды біртұтас модельде біріктіретін ерекше институтты ұсынады. Ол — уақып.
Уақып институты капиталдың сақталуын, табыстың үздіксіз бөлінуін және экономикалық әсердің меншік иесі қайтыс болғаннан кейін де жалғасуын қамтамасыз етеді.
- Уақыптың құқықтық анықтамасы және діни негізі
Ислам фиқһында уақып — мүліктің негізін сақтай отырып, одан түсетін пайданы қоғамдық немесе діни мақсаттарға мәңгілік түрде бағыттау деп анықталады¹.
Пайғамбар Мұхаммед ﷺ былай деген: «Адам қайтыс болған кезде оның амалдары үзіледі, тек үшеуінен басқа: садақа жәрия, пайдалы ілім және ізгі ұрпақ» ².
Классикалық фиқһ ғалымдары «садақа жәрия» ұғымының ең толық әрі институционалдық көрінісі ретінде уақыпты көрсеткен³.
- Уақыптың инвестициялық модель ретіндегі ерекшелігі
Дәстүрлі инвестициялар уақытша сипатқа ие болып, меншік иесінің өмірімен немесе нарықтық жағдайлармен шектеледі. Ал уақып мүлкі:
- сатылмайды,
- мұраға қалмайды,
- тәркіленбейді,
- бөлінбейді⁴.
Бұл қағида уақыпты капиталды сақтаудың ерекше құқықтық механизміне айналдырады. Құранда бұл заңдылық былайша баяндалады:
مَا عِنْدَكُمْ يَنْفَدُ ۖ وَمَا عِنْدَ اللَّهِ بَاقٍ
«Сендердегі нәрсе жойылады, ал Алланың қасындағысы мәңгі қалады» (Құран, 16:96)⁵.
Ғалымдар бұл аятты дүниелік активтердің уақытша, ал Алла жолындағы инвестицияның тұрақты екенін білдіретін жалпы экономикалық қағида ретінде түсіндірген⁶.
- Уақыптың классикалық үлгісі: Омар ибн әл-Хаттаб رضي الله عنه
Омар ибн әл-Хаттаб Хайбардан алған жер телімін қалай пайдалану керектігін Пайғамбар ﷺ-дан сұрағанда, Ол ﷺ: «Қаласаң, негізін ұстап қал да, табысын тарат»⁷ деп жауап берген.
Имам ән-Науауи бұл хадиске берген түсіндірмесінде:
«Бұл хадис — уақыптың негізін құрайтын басты дәлел» деп атап көрсетеді⁸.
- Ислам өркениетінің уақыпқа негізделуі
Ислам тарихшылары әлеуметтік инфрақұрылымның негізгі бөлігі мемлекеттен емес, уақыптардан қаржыландырылғанын атап өтеді¹⁰. Оған:
- медреселер,
- ауруханалар,
- жолдар,
- панаханалар,
- ғалымдардың жалақысы жатады.
Қорытынды
Уақып — мерзімі шектелмеген инвестиция, жойылмайтын актив және тоқтамайтын дивиденд көзі. Ол меншік иесінің өмірімен шектелмейтін, институционалдық тұрғыда тұрақты экономикалық модель болып табылады.
Абдрахман Аңсаған
Қостанай облысы «АЛИМА» мешітінің имамы
Пайдаланылған дереккөздер
- Әл-Касани, Бадаиʿ ас-Санаиʿ, т. 6, уақып тарауы.
- Муслим, Сахих, «Уасия» бөлімі, №1631.
- Имам ән-Науауи, Шарх Сахих Муслим, хадис 1631.
- Ибн Қудама, әл-Муғни, т. 6, «Китаб әл-Уақф».
- Құран Кәрім, 16:96.
- Ибн Ашур, Тафсир әт-Тахрир уәт-Танвир, 16:96.
- Бұхари, Сахих, «Шурут», №2737.
- Имам ән-Науауи, Шарх Сахих Муслим, хадис Омар уақпы.
- Адам Метц, Ислам өркениеті, уақып тарауы.

