Ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан ислам әлемінде мешіт-медреселердің салынуы және қаржылай қамтамасыз етілуі, білім мен ғылымның дамуы, тіпті халықтың әлуметтік жағдайына дейін қарасып, қаржылай толықтырып тәуелсіз болуының себебі, мұсылман жамағатының ұйымшылдығы мен бірігіп берілген садақа (зекет, пітір, фидия...т,б) және сол ел ішіндегі жомарт жандардың жасаған уақыптарының жемісінің арқасында. Демек ислам әлемінде сауабы сарқылмайтын, адам өмірден өтседе ақырет күніне дейін сауабы жалғасатын, Дін мен қоғамының дамуына тікелей үлесін тигізетін сауаптың түрін Уақып деп айтады.
Тілдік тұрғыда «уақып» сөзі ұстау, тоқтату, кедергі болу деген мағыналарды білдіреді. Шариғатта уақып дегеніміз – Алланың мүлкі! Яғни белгілі бір мал-мүлікті Алла жолына беріп, үздіксіз қайырылымдылық жолында пайдалану және мүлік жарамсыз болып қалғанға дейін ұстап тұру. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлем болсын) сахабаларына уақып жасау керек екендігін насихат еткен, кейіннен сахаба Жәбир (оған Алла разы болсын) сахабалардың арасында жағдайы жеткеннің барлығы мал-мүліктерін Алла жолында «уақып» қылғанын жеткізген. Сол үшін шариғатымызда Уақып (мәндуб) сүннет амал болып табылады. Оған дәлел болатын оқиғаны Абдулла ибн Омар (оған Алла разы болсын) жеткізеді: Омар ибн Хаттаб (Алла оған разы болсын) Хайбар соғысында бір жерді иемденеді. Бір күні осы жер жөнінде кеңесу үшін Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Мен Хайбар соғысында бір жерді меншігіме алдым және ондай байлыққа бұған дейін ие болмадым. Бұл жер хақында маған қандай әмір бересің?» – деп сұрайды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлем болсын) «Егер қаласаң ол жерді уақып қыл да одан түскен пайданы садақа етіп отыр», – деп кеңес береді. Омар (Алла оған разы болсын) содан кейін ол жерді ешкімге сатылмайтын, мирасқа да бөлінбейтін етіп садақа (уақып) ретінде береді. Одан түскен пайданы кедейлерге, өзін құлдықтан құтқарғысы келгендерге, Алла жолындағы жақсылықтарға, жолаушыларға садақа етіп беріп отырды (имам Мүслим).
Сонау Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлем болсын) алтын ғасырында Хайбар жеріндегі уақып етілген бау-бақшалардан түскен қаражат арқылы сол уақыттағы мұқтаждардың мұңын басып, жолаушының дорбасын су мен құрмаға толтырумен Уақып қайырымдылығының басы басталса, ортасында - орта ғасырдағы әйгілі Осман империясының егін алқабының жартысынан көбі Уақыпқа тиесілі (қарасты) болған. Қазақ даласына да бұл сауап түрінің жат болмағанын еліміздегі ертеде салынған мешіттер мен медреселер, бау-бақшалар мен егін алқаптары, тұрғын үйлер мен кәсіптік нышандар, кесенелер мен уақып етілген ғимараттардан аңғаруға болады.
Уақып исламдағы қайырымлыдық атаулысының ең құрметтісі, Алланың алдындағы құлының шынайы дәрежесін көрсететін бұл қайырымдылық түрін ақыретін ойлап, мәңгілік өмірге азық пен мол сауап жинауға ниеттенген пенде ғана жасайды.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Әбу Һурайрадан жеткен хадисте: «Егер адам баласы бұл өмірден өтсе, амал дәптері тоқтайды. Тек үш жағдайда ғана амал дәптері жазыла береді: Жария берілген садақа, пайдаға асқан ілім және дұға жасайтын салихалы ұрпақ»,- деген. (Муслим хадистер жинағы)
Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлем болсын) бұл хадисінен жария садақа дегеніміз «уақып» екенін және осылайша, жария садақа «уақып» арқылы жасалған ізгі амал мұсылманның бұл дүниеден өткен соң да сауап жинауын қамтамасыз ететін амал екенін ұғуға болады. Уақып етілген мүлік жеке меншіктен шығып, Алланың разылығы үшін халыққа қызмет етуге жұмсалады. Сондықтан әрбір мұсылман өз мүмкіндігіне қарай ел игілігіне жарайтын бір мүлік немесе қаражатты уақып етуге ниеттенсе, бұл дүниеде де, ақыретте де мол сауапқа кенеледі.
Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:
«Алла жолында мал-мүлкін сарп ететіндердің мысалы жеті бірдей масақ шығарған, әр масағында жүз дәні бар дәнек секілді. Алла қалаған пендесіне еселеп береді. Алла – Уасиғ (өте кең, сондай жомарт), Алим (құлдарының барлық жай-күйін өте жақсы білетін шексіз ілім иесі)», – деген («Бақара» сүресі, 261-аят). Бұл аятта Алла Тағала мал-дүниесін Өзінің жолында сарп еткендердің дүниесі әсте кемімейтіндігін, сонымен қатар әрбір істеген жақсылығы өзіне еселеп қайтатындығын баян еткен.
Сондай-ақ Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлем болсын) өзінің хадистерінің бірінде:
«Кімде кім адал жолмен тапқан табысынан бір құрмадай садақа берсе, Алла ол садақасын қабыл етеді. Содан кейін оны таудай болғанша, яғни сендердің біреуің тай құлынды кішкентайынан өсіргендей иесіне сауабы үлкейеді», – дейді (имам Бұхари).
Мұсылман баласы өзінің дүние-мүлкін Алла жолында уақып қылуы арқылы Жаратушыға еселе жақындай түседі. Пенде сол арқылы сансыз сауапқа ие болып және оның пайдасын келесі өмірде де өзі ойлағаннан да артық берекетін көретін болады.
Бұл мұсылман қоғамының әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға, құран, білім мен ғылымның, дамуына, мешіт-медреселердің салынуына, жоқ-жітікке көмек көрсетілуіне үлкен үлес қосатын жүйе. Қорытындылай келе, уақып – бұл тек мүлік беру емес, ұрпаққа өнеге, қоғамға пайда, ақыретке азық болатын игі мұра.
ҚМДБ, Уақып корпоративтік
қайырымдылық қорының
директоры: Азамат Абдикеримұлы